1 сыныпқа балаларды қабылдау туралы ақпарат
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі (бұдан әрі –Министрлік) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы № 564 «Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының (бұдан әрі – Бұйрық)
9-2) тармағына сәйкес, бастауыш білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының бірінші сыныбына қабылданатын баланың ата-аналарынан немесе өзге де заңды өкілдерінен құжаттарды қабылдау ағымдағы күнтізбелік жылдың 1 сәуір (таңғы сағат 9:00 дан бастап) мен 31 тамызы аралығында жүзеге асырылатындығын хабарлайды.
Бірінші сыныпқа алты жастан бастап даярлық деңгейіне қарамастан балалар және ағымдағы күнтізбелік жылы алты жасқа толатын, білім беру ұйымының қызмет көрсету аумағында тұратын балалар келесі құжаттарды ұсынумен қабылданады:
- өтініш;
- өлшемі 3х4 см баланың суреті (2 дана);
- «Бала денсаулығының паспорты» 052-2/у нысанды анықтама. Денсаулық сақтау министрлігінің мәлеметі бойынша, биылғы жылдан бастап «Бала денсаулығының паспортыy» ақылы түрде сатып алудың қажеті жоқ. Баланың денсаулық паспортын баланың тіркелген жері бойынша емханалар мөрі бар анықтама түрінде тегін беретін болады.
Ағымдағы жылда Оқу-ағарту министрлігімен egov.kz «электрондық үкіметтің» веб-порталы ырқылы мемлекеттік қызметтің бизнес-процесі жаңартылды:
- микроучаскеге байланысты автоматты түрде мектепті таңдау қарастырылған. (Білім беру ұйымына қызмет ету аумағы республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім беруді басқару органдарының бұйрығымен бекітіледі);
- сынып жинағы автоматты түрде қалыптасады;
- білім беру ұйымымен келісім-шарт «электрондық үкімет» порталы арқылы электрондық форматта жасалатын болады (бірінші сыныпқа қабылдау туралы бұйрықтан кейін ата-анаға білім беру ұйымымен отыруға келісім-шартқа танысу және қол қою үшін СМС хабарлама келеді. Білім беру ұйымы бірінші сыныпқа қабылдау туралы бұйрықты ағымдағы жылғы 25 тамыздан кейін шығарады).
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарына артық құжаттарды, оның ішінде «Баланың туу туралы куәлігін» талап етуге тыйым салынғанын хабарлаймыз.